Абай облысында сотталғандар айына 1000 м2 жиек тасын өндіреді
Абай облысында сотталғандар айына 1000 м2 жиек тасын өндіреді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы №19 мекеме – сотталғандар жиек тасын (брусчатка) жасайтын жалғыз колония. Колониядағы жеке кәсіпкердің өндірістік цехы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың тапсырыстары әрқашан жеткілікті. Ай сайын орта есеппен 1000 м2 жиек тасын (брусчатка) тапсырысын орындайды.
Цехта тоғыз сотталған жұмыс істейді. Сотталғандардың жалақысы дайындалған өнім көлеміне байланысты. Өндірілген өнім Астана, Өскемен, Павлодар қалаларындағы құрылыс дүкендері арқылы сатылады.
– Темір тор артында бола тұра, өзіме ұнайтын жұмысты тапқаныма қуаныштымын. Жалақымнан сот үкімі бойынша кесілген талап-арызымды өтеп, сонымен қатар отбасыма да көмектесіп жатырмын. Мектеп жасындағы үш балам бар. Оларға үнемі қаржылай көмек қажет, – дейді цехтағы сотталған жұмысшылардың бірі.
– «Жұмыспен қамту – 2017» тұжырымдамасын жүзеге асырудың арқасында мекемеге, мекеме ішінен өндіріс ашуға кәсіпкерлік субъектілерді тарту мүмкіндігі туып отыр, бұл сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Эльдар Сарсенбин.