Абай облысында сотталғандар республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлдеге ие болды
Абай облысында сотталғандар республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жанындағы колледж студенттері арасында өткен "Автомобильдерді жөндеу жөніндегі үздік слесарь" республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша Абай облысы мекемесінің өкілдері жоғары теориялық дайындығы мен тәжірибелік дағдыларын көрсетіп, екінші және бесінші орындарды иеленді.
Аталған байқау "Автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь" біліктілігі бойынша сотталғандарды кәсіби оқытудың сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар олардың кәсіби дамуына, өзін-өзі жетілдіруіне және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне тұрақты ынта қалыптастыруды көздейді.
Байқаудың негізгі міндеттері – қатысушылардың автослесарлық іс саласындағы теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларының деңгейін анықтау, заманауи талаптарға сай кәсіби шеберліктерін жетілдіру, сондай-ақ орындалатын жұмыстардың сапасына жауапкершілікпен қарау мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауды қалыптастыру болды.
Жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар автомобиль құрылысы, материалтану және өндірістік қауіпсіздік талаптарын қамтитын 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындады. Екінші кезеңде олар автомобиль генераторын бөлшектеу және қайта жинау бойынша практикалық тапсырманы орындады.
Байқау қорытындысы бойынша Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінің сотталғандары республика бойынша қатысушылар арасында үздіктер қатарынан көрініп, екінші және бесінші орындарға ие болды.
Жүлдегерлердің бірі – 35 жастағы сотталған азамат. Ол бұрын есірткі заттарын таратқаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта мекемеде жүріп Политехникалық колледжде жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда.
Оның айтуынша, мектепті аяқтағаннан кейін Семей қаласындағы университетке оқуға түсіп, алайда соңғы курста оқуды аяқтамай тастап кеткен. Әртүрлі жұмыстар істеп, табыс табуға тырысқанымен, кейін қателік жасап, есірткі таратумен айналысқан. Соның салдарынан бас бостандығынан айырылған. Қазір ол мекемеде жүріп жұмысшы мамандығын меңгеріп, өмірін өзгертуге шешім қабылдаған.
Бүгінде дәнекерлеуші мамандығын оқып жүр және бостандыққа шыққаннан кейін адал еңбекпен өмір сүргісі келетінін айтады. Байқауда жүлделі орын алу – оның алғашқы жетістіктерінің бірі болып, жаңа мақсаттар қоюға және өмірлік құндылықтарын қайта бағалауға мүмкіндік берген.
Мекеме бастығының орынбасары Нұрболат Сапарғалиевтің айтуынша, сотталғандардың кәсіби байқауларға қатысуы олардың қайта әлеуметтенуінде маңызды рөл атқарады.
Сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеру және осындай іс-шараларға қатысу олардың кәсіби дағдыларын дамытып, жауапкершілік пен өз күшіне деген сенімді қалыптастырады.
Сонымен қатар мұндай бастамалар сотталғандарды заңға бағынатын өмір салтына ынталандырып, бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
