Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандар сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруде

Абай облысында сотталғандар сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандар Семей қаласындағы КМҚК "Политехникалық колледж" базасында техникалық мамандықтар бойынша кәсіби білім алуда.

Қазіргі уақытта колледжде жасы 20-дан 65-ке дейінгі 70-тен астам сотталған білім алуда. Орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар электрогазбен дәнекерлеуші, ағаш ұстасы (столяр-тығыздаушы), тігінші, слесарь-сантехник, автокөліктерді жөндеу слесары сияқты мамандықтарды игеруде. Оқу мерзімі — 10 ай.

— Мен 64 жастамын. Өмірімнің көп бөлігін мектеп пен балаларға арнадым — отыз жылдан астам уақыт география пәнінен сабақ бердім. Зейнетке шығуыма бірнеше ай ғана қалған еді, алайда тағдыр басқаша шешті — мен осында келіп, сегіз жылға бас бостандығымнан айырылдым.
Соған қарамастан, мен оқуға ешқашан кеш емес екеніне нық сенемін. Биыл колледжде білім алып, электрогазбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жатырмын. Бұл маған үміт сыйлап, өмірдің тоқтап қалмағанын сезіндіреді. Бостандыққа шыққаннан кейін шағын дәнекерлеу цехын ашып, қоғамға пайдалы болып, білімімді балаларым мен немерелеріме бергім келеді, — деп бөлісті сотталған.

— Бас бостандығымнан айырылғанға дейін Алматы қаласында тұрып, бір ЖШС-де жүк тасушы болып жұмыс істедім. Үйде мені жұбайым мен бес кәмелетке толмаған балам күтіп отыр. Сотталғаннан кейін отбасым іс жүзінде күнкөріссіз қалды — бұл мен үшін ең ауыр жағдай. Қазір мекеме аумағында техникалық қызмет көрсету станциясы жұмыс істейді, мен сол жерде еңбек етіп, жақындарыма қолдан келгенше көмектесуге тырысып жүрмін. Сұранысқа ие маман болу үшін колледжде автокөліктерді жөндеу слесары мамандығы бойынша оқуды бастадым. Бұл мамандық мен үшін адал әрі заңға бағынатын жаңа өмірге жолдама болады деп сенемін. Балаларыма сынбаған, еңбек ете алатын, отбасын асырай білетін адам болып оралғым келеді, — деп бөлісті сотталған

— Кәсіби оқыту — ресоциализацияның негізгі элементі. Біз сотталғандардың тек жазасын өтеп қана қоймай, бостандыққа нақты дағдылармен және қоғам үшін өз құндылығын түсіне отырып шығуы үшін бар күшімізді саламыз. Алынған мамандық — жаңа, заңға бағынатын өмірді бастауға, жұмыс табуға және отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік. Дәл еңбек пен білім олардың қоғамға табысты бейімделуінің негізі болып табылады, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру