Абай облысында сотталғандарға арналған өндірістік цех жұмысын жалғастыруда
Абай облысының қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өндірістік цехтардың жұмысы қайта жанданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде төрт өндірістік цех жұмыс істей бастады.
Мекеме аралас қауіпсіздіктен барынша жоғары қауіпсіздікке қайта тағайындалғаннан кейін өндірістік учаскелердің жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Оларды қалпына келтіру үшін мекеме әкімшілігі кешенді дайындық жұмыстарын жүргізді.

Жабдықтартың техникалық жағдайы тексерілді, қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалды, жұмыс орындары ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта мекемеде төрт цех жұмыс істейді. Шырындар мен тігін бұйымдарын өндіру бойынша "Еңбек-Семей" ШЖҚ РМК, жиһаз цехы, сондай-ақ ағаштан бұйымдар жасау цехы.
Бүгінгі таңда 100-ден астам сотталушы жұмысқа орналастырылды, жақын арада қосымша 50-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

Еңбекке ақы төлеу кесімді жүйе бойынша жүзеге асырылады. Шығарылатын өнім облыс аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де сатылады. Сотталғандар Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес жұмысқа тартылады.
— Мен үшін цехта жұмыс істеу өмірге деген көзқарасты өзгертуге мүмкіндік болды. Мен тәртіпті, жауапкершілікті үйрендім және адал еңбектің құндылығын түсіндім. Мұнда мен бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс табуға және заңға бағынатын өмірді бастауға көмектесетін мамандықты игеріп жатырмын. Ең бастысы-өзіне деген сенімділік және өткен қателіктерге оралмауға деген ұмтылыс пайда болады, — деп бөлісті сотталған.
— Өндірістік цехтардың жұмысы сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделуіне және кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.
Алдағы уақытта өндірістік қуаттарды кеңейту және шығарылатын өнім ассортиментін ұлғайту жоспарлануда.
