Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандарға үстел теннисінен турнир ұйымдастырылды

Абай облысында сотталғандарға үстел теннисінен турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында қауіпсіздігі аралас мекеме қызметкерлері, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту мақсатында түзеу мекемесінде жазасын өтеуші азаматтар арасында үстел теннисінен турнир ұйымдастырды. Бұл шара ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттау, сондай-ақ сотталған азаматтардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында өткізілді.

Турнирге мекемеде жазасын өтеп жатқан оннан астам қатысушы белсенді түрде қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс әділ өтіп, қатысушылар өздерінің шеберліктерін танытуға мүмкіндік алды. Әр қатысушы Абай атамыздың шығармашылық мұрасымен таныс екенін айтып, бұл турнирдің рухани мәні ерекше екенін атап өтті.

-  Мұндай мәдени-спорттық іс-шаралар сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, рухани тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар Ұлы Абайдың өнегелі өмірі мен даналық ойлары жастар үшін де, ересектер үшін де тәрбиелік мәні зор үлгі бола алады, - дейді мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара соңында мекеме әкімшілігі атынан қатысушыларға алғыс білдіріліп, болашақта осындай танымдық және спорттық шаралар жиі өткізіліп тұратыны айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру