Абай облысында сталкинг пен мәжбүрлі некенің алдын алу бойынша форум өтті
Абай облысының Абай ауданында сталкинг пен мәжбүрлі некенің алдын алу бойынша форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдер мен жастардың құқықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелеу болды.
Форумды Абай аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы полиция лейтенанты Арынғазинова Мадина Дәуренқызы жүргізіп, сталкинг пен мәжбүрлі некенің құқықтық табиғаты, олардың қоғамға тигізетін кері әсері және құқықтық жауапкершілік мәселелері жөнінде кең көлемді баяндама жасады. Спикер өз сөзінде бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.
Іс-шараға Абай аудандық әлеуметтік орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айнұр Бакирова қатысып, өз салалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, нақты ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.
Форум барысында:
– сталкинг пен мәжбүрлі некенің құқықтық түсінігі мен негізгі белгілері;
– аталған құқық бұзушылықтар үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары;
– жәбірленушілерді қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері;
– профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы жан-жақты талқыланды.
Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап берілді. Мұндай формат тұрғындардың құқықтық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, сенім алаңын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Форум қорытындысында қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту, зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеудің кез келген түріне "нөлдік төзімділік" қағидатын қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік – тұрақты дамудың кепілі екені, ал әрбір азаматтың белсенді ұстанымы – әділетті қоғам құрудың негізі екені баса айтылды.
Қоғам қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Заңды құрметтеу, адам құқықтарын қорғау және өзара сыйластық қағидаттарын ұстана отырып, біз қауіпсіз әрі әділ қоғамды бірге қалыптастырамыз.
