Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Қазақстанда халықтың денсаулығын нығайту және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жүзеге асырылып жатқан "Ішімдіксіз ауыл" жобасы нақты нәтижелер беруде. Соның жарқын мысалы ретінде Абай облысы Бесқарағай ауданына қарасты Бірлік ауылы ерекше танылып отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылы ауыл тұрғындары бірауыздан қабылдаған шешімнің нәтижесінде Бірлік ресми түрде ішімдіксіз ауыл деп жарияланды. Бұл бастама тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асырылып отыр: бүгінде ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, ал 350 тұрғынының барлығы дерлік ішімдік тұтынудан бас тартқан.

Ауылдағы маңызды шешім жергілікті әкімдік, учаскелік полиция инспекторы, ақсақалдар кеңесі, белсенді жастар мен кәсіпкерлердің қатысуымен өткен жиында қабылданды. Қоғамдық пікір ескеріліп, ортақ мүдде үшін тарихи әрі жауапты қадам жасалды.

Жақында Бесқарағай ауданына іссапармен барған Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров ауыл әкімі Қайратбек Шингискенов пен учаскелік полиция инспекторы Думан Еркінбековке арнайы алғыс хаттар табыс етті. Марапаттау барысында ол:

- Құқық бұзушылықтың алдын алу – бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бірлік ауылы егер әркім өзгерісті өзінен бастаса, нақты нәтиже болатынын дәлелдеп отыр, – деді.

Өз кезегінде учаскелік инспектор Думан Еркінбеков бастаманың мән-маңызы туралы:

- Біз келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдырғымыз келеді. Ішімдіктен бас тарту – ерлік емес, бұл – саналы таңдау. Бірлік ауылы дәл осы жолды таңдап, өзгелерге үлгі болып отыр, – деп атап өтті.

Қазіргі таңда ауылда салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу шаралары жүргізіліп, ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде.

Жергілікті тұрғындар да бастаманы толық қолдап отыр:

- Ішімдіктен бас тарту арқылы біз тек өзімізді ғана емес, ұрпағымызды да қорғаймыз. Балаларымыз ішімдіктің не екенін білмей өссе, бұл – үлкен жетістік, – дейді ауыл тұрғындары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру