Абай облысында тағы бір ішімдіксіз ауыл пайда болды
Абай облысында тағы бір ішімдіксіз ауыл пайда болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2025 жыл елімізде "Профилактика жылы" деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай ел аумағында қолға алынған "Алкогольсіз ауыл" жобасы шынайы нәтижесін бере бастады.
Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Тана-мырза ауылында өткен алқалы жиында жергілікті тұрғындар, ақсақалдар кеңесі, белсенді азаматтар мен кәсіпкерлер бірлесе отырып, ауылды ресми түрде "алкогольден ада" деп жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл бастаманы көтерген жергілікті полиция бөліміне ауыл халқы бірауыздан қолдау білдіріп, алдағы уақытта да салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді атсалысатынын жеткізді.
- Бұл — жай ғана бас тарту емес. Бұл — ұрпақ қамы үшін, тыныштық пен амандық үшін қабылданған тарихи шешім, — деді жиынға қатысушылар.
Ерекше атап өтерлігі, соңғы үш жыл ішінде Тана-мырза ауылында алкогольдік масаң күйде жасалған бірде-бір қылмыстық оқиға тіркелмеген. Бұл — ауыл жұртшылығының заңға деген құрметі мен қоғамдық жауапкершілігінің айқын дәлелі.
Бүгінде Ақсуат ауданында осындай үш ауыл ішімдіксіз ауыл мәртебесін иеленіп отыр. Аталған жоба салауатты ұрпақ тәрбиелеу мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі қадам ретінде кеңінен қолдау табуда.