Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында театр қызметкерлері сотталғандарға өнер көрсетті

Абай атындағы театр сотталған әйелдерге үміт пен қуаныш сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысындағы әйелдер колониясына Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық-драма театрының ұжымы арнайы қонаққа келді. Сол күні мекеме қабырғалары ән мен күлкіге, шапалақ пен шынайы эмоцияға толы болды.

Театр артистері көрермендерге би, әсерлі әндер, операдан үзінділер және гитара сүйемелдеуімен орындалған лирикалық балладалардан құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Әрбір нөмір ерекше ықыласпен қабылданып, көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді. Әйелдер өз сезімдерін жасырмай, қуаныш пен сағыныштың, өкініш пен үміттің аралас әсерін бастан кешті.

— Бостандықта жүргенде мен ешқашан театр сахнасын көрмеппін. Бүгін мен үшін жаңа әлемнің есігі ашылғандай әсер алдым. Артистердің өнері жүректі тербеп, сан түрлі сезімге бөледі: қуаныш, мұң, туған үй мен бала күнге деген сағыныш. Концерт кезінде өз өмірімнің ең жарқын сәттері көз алдымнан өтті: анамның құшағы, мектепке асыққан балалық шақ, алғашқы махаббат пен қызымды өмірге әкелген сәт. Осындай ұмытылмас әсер сыйлаған театр ұжымына және мекеме әкімшілігіне шын жүректен алғыс айтамын, – деді сотталған әйелдердің бірі.

— Мұндай іс-шаралар әйелдердің рухани және эмоционалдық жағдайына оң ықпал етеді. Өнер – олардың өз өміріне басқа қырынан қарауына, қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуіне жол ашады. Бұл кездесулер оларға үміт сыйлап, алға ұмтылуға күш береді, – дейді сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ақмарал Қайранова.

— Бүгінгі концерт біз үшін де ерекше әсер қалдырды. Көрермендердің әр нотаны үнсіз тыңдап, көзіне жас алған сәттерін көргенде, өз ісіміздің мәнін терең сезіндік. Музыка мен театрдың жүректі жылытатынына тағы бір рет көз жеткіздік. Біз бұл жерден ризашылық пен сағыныш сезімдерімен кетіп барамыз, – дейді Абай атындағы театр актрисасы Айгерім Жұмабек.

Кездесу соңында әртістер мен көрермендер жылы лебіздерін бөлісіп, өзара алғыс білдірді. Әйелдердің күлкісі мен көз жасы – мейірім мен өнердің, үміт пен адамгершіліктің ең қиын сәттердің өзінде де адам жанына жарық сәуле сыйлай алатынын дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру