Абай облысында "Түнгі қаладағы балалар" іс-шарасының қорытындысы шығарылды
Абай облысында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
7 мен 9 қараша аралығында Абай облысының аумағында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Түнгі қаладағы балалар" атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ ата-аналар мен қоғамның жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Профилактикалық жұмыстар барысында полиция қызметкерлері 140 кәмелетке толмаған баланы анықтап, ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде жеті бала түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүргендіктен, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейімдеу орталығына орналастырылды.
Іс-шара нәтижесінде 139 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде 129 ата-ана кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 7 ата-ана баласын тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін, ал 3 заңды өкіл баланың алкогольдік масаң күйде болуына жол бергені үшін жауапқа тартылды.
Профилактикалық есепке 4 әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз отбасы мен 4 кәмелетке толмаған жасөспірім алынды.
Мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, олардың бойында заңға бағынушылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, сонымен қатар ішкі істер органдары, білім беру мекемелері және ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
