Абай облысында түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүрген мыңнан астам жасөспірім анықталды
Абай облысында түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүрген мыңнан астам жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аулалар мен әлеуметтік нысандардан бастап, көші-қон бақылауы және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне дейінгі барлық бағыттарды қамтып жұмыс жүргізуде. Іс-шаралар барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылданды.
Ішкі істер органдарына 851 кәмелетке толмаған жеткізіліп, олардың әрқайсысымен және заңды өкілдерімен профилактикалық әңгімелер өткізілді. Түнгі уақытта үйінен тыс жерлерде ересектердің қарауынсыз жүрген 1 025 жасөспірім анықталды. Барлық ата-аналар жауапкершілікке тартылды.
Баланың түнгі уақытта үлкендерсіз жүруі оның қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, ауыр салдарға әкелуі мүмкін. 55 кәмелетке толмаған уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды — бұл ата-анасының қарауынсыз қалған немесе қалыпты өмір сүруге жағдайы болмаған отбасылардан алынған балалар. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жұмысқа ерекше назар аударылды — жеке бақылауды талап ететін 27 отбасы есепке қойылды.
"Учаске" ЖПІШ — азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
