Абай облысында туристерге ақпараттық қолдау көрсетілуде
Абай облысында туристерге ақпараттық қолдау көрсетілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің туристік полиция қызметкерлері халықаралық әуежайда шетелдік туристерге ақпараттық брошюралар мен тегін SIM-карталар таратты. Шараның басты мақсаты – Қазақстанға келген шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың елге тез әрі оңай бейімделуіне қолдау көрсету.
Туристерге бірнеше тілде дайындалған ақпараттық брошюралар мен QR-коды бар арнайы карталар ұсынылды. QR-кодты сканерлеу арқылы SafeTravel.kz порталына өтуге болады. Аталған портал арқылы шетелдік азаматтар төтенше жағдайлар кезінде қажетті жедел қызметтердің нөмірлерін (полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру), көші-қон қызметтерін, “102” SOS мобильді қосымшасын, заңды такси сервистері мен байланыс операторлары туралы ақпаратты, сонымен қатар қала картасы мен туристік нысандарға қатысты мәліметтерді ала алады. Сондай-ақ порталда шетелдіктерге арналған көші-қон және тіркеу талаптары да егжей-тегжейлі түсіндірілген.
Шетелдік азаматтарға интернетке дереу қосылу мүмкіндігін беру мақсатында оларға SIM-карталар таратылды. Бұл бастама Қазақстандағы туристік қызмет көрсетуді жетілдіруге, туристер үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шара еліміздің халықаралық имиджін нығайтуға және туристік инфрақұрылымның дамуына оң ықпал етеді.