Абай облысында туристік полиция төрт жасар бүлдіршінді аман-есен ата-анасына қайтарды
Абай облысында туристік полиция төрт жасар бүлдіршінді аман-есен ата-анасына қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы Алакөл жағалауында шілде айының соңында орын алған тосын жағдай көпшілікке сабақ боларлық оқиғаға айналды. Демалыста жүрген отбасылардың бірі төрт жасар қызын көзден таса қалдырып, баланың қауіпсіздігіне қатер төнген сәт туған еді.
Жағалаудағы Арбат аумағында жалғыз өзі жүрген бүлдіршінді туристік полиция қызметкерлері байқап қалып, оның ата-анасынан адасып қалғанын бірден аңғарды. Тәртіп сақшыларының жедел әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде қыз бала санаулы минуттардың ішінде аман-есен отбасына табысталды.
Абай облысы полиция департаменті жазғы маусымда, әсіресе халық көп жиналатын туристік аймақтарда балалардың жоғалу оқиғалары жиі тіркелетінін ескертеді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларын көпшілік орындарда қараусыз қалдырмауға, жағалауларда, арбаттар мен ойын-сауық аумақтарында қырағылық танытып, кәмелетке толмағандарды қауіпсіздік ережелерімен таныстыруға шақырады.
Егер бала көзден таса болып кеткен жағдайда, уақытты жоғалтпай, жергілікті құқық қорғау органдарына дереу хабар беру қажеттігі де ерекше атап өтіледі.