Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиын облыстық Дағдарыс орталығының базасында ұйымдастырылып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін шешуге арналған ортақ іс-қимыл тетіктерін талқылауға арналды.
Жұмыс тобының құрамына Білім және Денсаулық сақтау басқармаларының, облыстық прокуратура мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың өкілдері, сондай-ақ "Ана үйі" қоғамдық қоры, "Отбасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық" КММ, "Құқық" қоғамдық қоры, ішкі істер органдары мен әлеуметтік қорғау саласының мамандары енді
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың күнделікті тап болатын негізгі проблемалары сөз болды. Атап айтқанда, халық арасында қолжетімді қорғану тетіктері жөнінде ақпараттың аздығы, уақытша тұруға арналған мекемелердің жетіспеушілігі және ведомстволар арасындағы өзара әрекеттестік деңгейінің төмендігі сынды түйткілдер қозғалды.
Отырыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру, осындай жағдайларды ерте кезеңде анықтау және жәбірленушілерге кешенді — құқықтық, психологиялық әрі әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес соңында алдағы кезеңге арналған нақты бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Жоспар аясында ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жүргізу, мамандарды кәсіби даярлау, ведомствоаралық әрекет ету стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау саласындағы барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын нығайту көзделіп отыр.
Бұл бастама – отбасы институтын қорғау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған үйлесімді және нәтижелі іс-әрекеттердің маңызды кезеңі болмақ.