Абай облысында ұсақ бұзақылық жасаған жас жігіт бейнебақылау арқылы әшкереленді
Абай облысында ұсақ бұзақылық жасаған жас жігіт бейнебақылау арқылы әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында қоғамдық тәртіпті бұзған 19 жастағы тұрғын бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, жауапқа тартылды.
Оқиға жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркелген. Жас азамат алдымен қоғамдық орында пісте шағып, қабығын айналасына лақтырған. Одан кейін дәл сол аумақтағы ағаштардың түбіне дәрет сындыру арқылы көпшілік пайдаланатын орынды ластаған. Құқық бұзушылықтың бейнежазбасын зерделеген тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, тиісті шара қабылдады.
Аталған әрекеттер үшін заңнамада айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу сынды жауапкершілік қарастырылған.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың азаматтық міндеті екенін ескертеді. Бүгінде көпшілік орындардың басым бөлігі бейнебақылау жүйелерімен қамтылғандықтан, кез келген құқыққа қайшы әрекет міндетті түрде тіркеліп, жазасыз қалмайды.