Абай облысында үздік жасақ бастығы анықталды
Абай облысында үздік жасақ бастығы анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында Жасақ бастығы күні және "Ізгілік пен сабақтастық" апталығы аясында кәсіби шеберлік байқауы өтті. "Менің тәлімгерлерім – менің мақтанышым" тақырыбында ұйымдастырылған бұл сайыс жасақ бастығы қызметінің беделін арттыру мен үздік тәжірибені насихаттауға бағытталды.
Іс-шараны ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Байқауға облыстағы түзеу мекемелерінен іріктелген төрт үміткер қатысты. Олар – тәжірибесі мен қызметтік жетістіктері бойынша алдыңғы қатарлы мамандар.
Сайыс үш кезеңнен тұрды: алғашқы бөлімде қатысушылар өздерінің өмірлік және кәсіби жолдарын таныстырып, үздік жасақ бастығы қандай болу керектігі туралы ойларын ортаға салды. Екінші кезеңде алғашқы медициналық көмек көрсету машығы сыналды. Үшінші бөлімде "Жасақ бастығының бір күні" атты бейнероликтер көрсетіліп, олардың қызметінің маңыздылығы паш етілді.
Қазылар алқасы құрамында өңір прокуратурасы, ардагерлер кеңесі және ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері мен ҚАЖ департаменті басшылығы болды. Байқау нәтижесінде:
- №21 мекеменің жасақ бастығы Нұрым Рахымжанов "Үздік жасақ бастығы" атанды;
- №23 мекемеден Жанна Калмакова – "Ең креативті тәсіл" номинациясымен марапатталды;
- №20 мекемеден Алексей Андреев – "Алғашқы көмек білгірі" деп танылды;
- №19 мекемеден Нұрасыл Амангелді – "Көрермен көзайымы" номинациясына ие болды.
– Бұл қызметкерлер – бір кездері жас маман ретінде қызметке келіп, бүгінде өз ісінің шеберіне айналған азаматтар. Олардың кәсіби өсу жолында тәлімгерлерінің орны ерекше. Шәкірттің жетістігі – ұстаздың да жеңісі, – деді ҚАЖ ардагері Мұратқазы Ахметжанов.
Байқау жасақ бастығы мамандығының маңызын көрсетіп қана қоймай, саладағы ізгі дәстүр мен сабақтастықты дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.