Абай облысында жағажайда демалушыларға мыңнан астам жадынама таратылды
Абай облысында жағажайлардағы қауіпсіздік күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шомылу маусымының қызған шағында Абай облысының полиция қызметкерлері құтқарушылармен бірлесе отырып, су айдындары мен жағажайлардағы рейдтік іс-шараларды қарқынды түрде жүргізуде. Бұл профилактикалық шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу.
Тексерулер Алакөл көлі, Шүлбі су қоймасы сынды өңірдегі танымал демалыс орындарын толық қамтып отыр. Рейд барысында келесі заңбұзушылықтарға ерекше назар аударылады:
-
арнайы рұқсат етілмеген аумақтарда шомылу;
-
мас күйінде суға түсу;
-
балаларды қараусыз қалдыру;
-
жағадан алыста үрлемелі жүзу құралдарын қолдану;
-
қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу.
Полиция мен құтқару қызметі демалушыларға су жағасындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіретін парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе демалыс күндері мен ауа райының күрт ысуы кезінде бұл жұмыс қарқын ала түседі.
Ювеналды полиция инспекторлары мен құтқарушылар тұрғындармен, соның ішінде балалармен әңгімелесіп, ата-аналарға су маңында балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін қатаң ескертіп отырады.
Жағажайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен пайдаланылуда. Бұл құрылғылар жоғарыдан бақылау жүргізіп, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Абай облысының полициясы азаматтарға мынадай кеңес береді:
-
Тек арнайы белгіленген және қауіпсіз деп танылған орындарда ғана шомылыңыз;
-
Су жағасында алкогольдік ішімдіктерден бас тартыңыз;
-
Балаларға әрдайым қадағалау жасаңыз;
-
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің нұсқауларын бұлжытпай орындаңыз.
Су жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтау – өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтау кепілі екенін ұмытпаңыз!