Абай облысында жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру нысандарының қауіпсіздігі тексерілді
Абай облысында жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру нысандарының қауіпсіздігі тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуына орай Абай облысында полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізді.
Өңірде барлығы 331 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде: 225 мектеп, 8 қосымша білім беру ұйымы, 2 арнайы ұйым, 78 мектепке дейінгі мекеме және 18 колледж бар.
Полицейлер оқу орындарының аумағына іргелес жатқан көшелерді 277 рет тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға дәл сонша ұсыныс енгізді.
Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды: 63 білім беру нысаны абаттандырылды; 390 жол белгісі орнатылды, оның ішінде: "Назар аудар, балалар" – 92, "Жаяу жүргіншілер өткелі" – 94, "Жылдамдықты шектеу" – 134, жеке жобамен – 56, тұрақ белгілері – 14; 40 мектеп алдында жол сызықтары сызылды; 1 жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам және 12 жасанды кедергі орнатылды; 6 тротуар салынды, 4 автотұрақ ұйымдастырылды, 6 қоршау қойылды; 8 мектеп жанында көше жарығы қамтамасыз етілді.
Сонымен бірге тексерулер нәтижесінде 61 мектептің әлі де толық дайын еместігі анықталды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аталған мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр. Басты мақсат — балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуына жағдай жасау және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.