Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында жаңа полиция бекеттері ашылып, заманауи көлік құралдарымен жабдықталды

Абай облысында жаңа полиция бекеттері ашылып, заманауи көлік құралдарымен жабдықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының орталығында, Мәңгілік ел көшесінде жаңа стационарлық полиция бекеті пайдалануға берілді. Нысанның жұмысымен облыс әкімі Берік Уәлиді полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров таныстырды.

Жаңа бекетте полиция қызметкерлерінің тиімді қызмет атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында олар заманауи шағын электромобильдер мен гидроскутерлермен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, Семей қаласында алғашқы екі модульдік бекет 2022 жылы орнатылған болатын. Биыл олардың қатары тағы үшеумен толықты. Жаңа нысандар халық көп шоғырланатын көшелерге орналастырылды.

Қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Әбдіғалиевтің бастамасын жергілікті әкімдік қолдады. Соның нәтижесінде тәртіп сақшыларына жаңа модульдермен бірге мобильді көлік – электросамокаттар, гольф-кар және екі квадроцикл берілді. Бұл полицейлерге қоғамдық орындар мен туристік аймақтарда азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Стационарлық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді әрі қоғамдық қабылдау қызметін де атқарады. Мұнда тұрғындар түрлі мәселелер бойынша жүгіне алады: жол сұраудан бастап, құқық бұзушылықтар мен алаяқтық фактілері жөнінде арыз беруге дейін.

Мұндай тәжірибе полиция қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың сенімін нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру