Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды

Абай облысында жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің бастамасымен Семей қаласындағы №50 орта жалпы білім беретін IT-мектеп-лицейінің базасында “Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид және буллинг профилактикасы” тақырыбында кеңейтілген кеңес өтті.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім басқармасы, құқық қорғау құрылымдары, сондай-ақ өңірдегі барлық мектептер мен колледждердің директорлары қатысты. Кеңестің басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы теріс құбылыстардың алдын алу шараларын талқылау және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай стратегиясын әзірлеу болды.

Кеңес барысында буллинг пен кибербуллингтің таралуына ықпал ететін факторлар мен олардың кәмелетке толмағандардың психологиялық жағдайына әсері туралы өзекті мәселелер қаралды. Ерекше назар балалар мен жасөспірімдер арасында деструктивті мінез-құлық белгілерін ерте анықтау, әлеуметтік және мектеп қызметтерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ интернет-қауіптермен байланысты тәуекелдер туралы ата-аналар мен педагогтардың хабардарлығын арттыру мәселелеріне аударылды.

Кеңеске қатысушылар жасөспірімдер үшін қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу бағдарламаларын енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ білім беру органдары, құқық қорғау құрылымдары және денсаулық сақтау мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және тәуекел тобындағы балаларға уақтылы көмек көрсету бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Абай облысы полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру