Абай облысында жазасын өтеуші өндірістік цехында 80 тонна шырын өндірді
Абай облысында жазасын өтеуші өндірістік цехында 80 тонна шырын өндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шырын шығаратын цехқа жұмысқа орналасқан сотталған өз тағдырын кездейсоқ кездескен бұзақы доссымақтармен байланыстырып, тас талқан етіп, ендігі темір тордың ар жағында бола тұра, балаларына қаржылай көмектесемін деп ойламаған.
Алексей пластик бөтелкедегі шырындар шығаратын жеке кәсіпкердің өндірістік цехында төртінші ай жұмыс істейді. Мекеменің есеп бөлімі арқылы ай сайынғы жалақысын отбасына аударып отырады. Цех жұмыс істеген төрт ай ішінде барлығы 80 тонна шырын шығарып үлгерген. Шырын әуелі үлкен электрлі қазандықтарында шырын пісіру технологиясына сәйкес қайнатылады, содан соң салқындатылады. Салқындатылған шырын бөтелкелерге құйылып, арнайы машиналар арқылы қақпақтары бұралады. Пісіру кезінде залалсыздандыру және суды ағызу, пісіру, орау жұмыстарының барлық ережелері талаптарға сай сақталады.
– Бар қызығым мен бақытымнан айырылу үшін маған бір жылдан да аз уақыт кетті. Ал оның бәрін түзету үшін 13 жыл қатаң режим берді. Жасаған ісіме өкінбеген сәтім болған жоқ. Менің ниетіме сенген әкімшілік пен жұмыс берушінің арқасында қазір жұмыс істеп жатырмын. Бос уақытымда тамақ технологының жұмысы туралы әдебиеттерді оқимын. Мұнда уақыт көп, менің ойымша, білім алу әрқашан пайдалы, – дейді Алексей.
– Цех үш үлкен бөлмені алып жатыр. Онда үш адам жұмыс істейді. Цех жұмысын кеңейту жоспарда бар. Мекеме ішінен өндіріс ашу өте тиімді: ғимаратты жалға алудың, күзетші, тазалаушы жалдаудың қажеті жоқ. Ең бастысы, жұмыс барысын бақылап, жалақыны жүйелі түрде төлеп тұру, – дейді жеке кәсіпкер.
Алексей топтасып қарақшылық жасап, адам шығынына алып келген қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр.