Абай облысында ЖКО-ны тіркеу кезінде электрондық сызбаларды жасау функциясы сәтті енгізілді
Абай облысында ЖКО-ны тіркеу кезінде электрондық сызбаларды жасау функциясы сәтті енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жол-көлік оқиғаларын ресімдеу кезінде электрондық сызбаларды жасау функциясы сәтті жұмыс істеп тұр. Бұл құрал Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мен Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық шеңберінде “Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі” ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы енгізілді.
Инновациялық функция полиция қызметкерлеріне оқиға орнында электрондық сызбаларды қолдана отырып, барлық мән-жайлар мен оқиғаның егжей-тегжейін жедел әрі дәл тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жол-көлік оқиғаларын ресімдеу процесін айтарлықтай жеделдетіп қана қоймай, сондай-ақ әкімшілік өндірістердің дәлдігін және ашықтығын арттырады.
Полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және жаңа құралды тиімді пайдалану мақсатында, 2024 жылғы 30 қыркүйекте Абай облысы полиция департаментінің акт залында бірлескен кеңес өтті. Іс-шара Абай облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ернар Базаров және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Абай облысы бойынша департаменті бастығы Бахытжан Мырзабаевтың төрағалығымен өтті.
Кеңес барысында жаңа қосымшамен жұмыс істеудің негізгі аспектілері қарастырылды. Іс-шараға қатысушылар туындаған сұрақтарды талқылап, жол-көлік оқиғаларын ресімдеу кезінде электрондық сызбаларды пайдалану дағдыларын пысықтады. Бұл полиция қызметкерлеріне жаңа құралды тиімдірек қолданып, өз міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік береді.