Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласында жыл басынан бері "Сергек" интеллектуалды бейнебақылау жүйесі арқылы бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушінің тыйым салатын қимылына қарамай өту бойынша 21 937 құқық бұзушылық тіркелген.

Дегенмен, мұндай технологиялық жүйелердің негізгі мақсаты – айыппұл салу емес, жол ережесінің бұзылуын дер кезінде анықтап, қайталануын болдырмау. "Сергек" жүйесі жүргізушілерді тәртіпке шақырып, олардың жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етері сөзсіз. Уақытылы анықталған құқық бұзушылықтар арқылы болуы мүмкін ауыр жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік туады.

Жол қозғалысы ережесін сақтау – бұл тек құқықтық міндет қана емес, сонымен қатар адам өміріне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан полиция департаменті тарапынан тек бақылау шаралары ғана емес, үнемі профилактикалық жұмыстар да жүргізіліп келеді. Оқу орындарында, көшелерде, мекемелерде және қоғамдық орындарда тұрғындарға жол ережесінің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр.

Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда мұқият болуға, белгіленген тәртіпті сақтауға және әрбір қозғалыс кезінде өз өмірімен қатар, айналадағылардың өміріне де жауапкершілікпен қарауға шақырады. "Сергек" сияқты заманауи технологиялар – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралы. Бірақ кез келген жүйе адамның саналы әрекетімен ғана нәтижелі болатынын естен шығармаған жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру