Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында жүйелі түрде құқық бұзушылық жасаған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды

Жүйелі түрде құқық бұзушылық жасаған сотталған бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының 22 жастағы тұрғыны Алматы қаласында ұялы телефон ұрлағаны үшін үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген еді. Жазасын өтеу үшін ол тұрғылықты жері бойынша Жарма аудандық пробация қызметінің есебіне алынған.

Алайда профилактикалық және тәрбиелік жұмыстарға қарамастан, сотталған азамат өзіне жүктелген міндеттерді бірнеше рет бұзған. Тексеру кезінде оның бірнеше мәрте үйінде болмағаны, тіркеуге келмегені және пробация қызметкерлерін ескертпестен өзге қалаға барып, ойын-сауық орындарында достарымен уақыт өткізгені анықталды.

Жол берілген заңбұзушылықтарды ескере отырып, сот оның жазасын қатаңдату туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі бір жыл төрт ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

— Өз кінәмді мойындаймын. Маған жүктелген міндеттерді орындамай, немқұрайлы қарадым. Барлығы жақсы болады деп ойладым, бірақ өз қателігімнің салдарынан еркіндігімнен айырылдым, — деді сотталған өз өкінішін білдіріп.

Пробация қызметінің өкілдері есепте тұрған азаматтарға сот белгілеген талаптарды орындаудың маңызын үнемі түсіндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

— Әрбір сотталған адамға түзеліп, заңға сай өмір сүруге мүмкіндік беріледі. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндікті барлығы бірдей бағалай бермейді, — деп атап өтті Жарма аудандық №1 пробация қызметінің бастығы Рустам Абдулгазинов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру