Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы әйелдер колониясында бейнетаксофондар орнатылды

Абай облысындағы әйелдер колониясында бейнетаксофондар орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысындағы орташа қауіпсіздік деңгейіндегі әйелдер колониясында жазасын өтеуші үш жүзден астам әйелге бар. Енді олар туыстарының дауысын естіп қана қоймай, жүздерін де көре алады.

Колонияға орнатылған заманауи бейнетаксофон жүйесі сыртқы ортамен байланысты одан әрі жылы әрі шынайы етті.

Бұған дейін байланысудың жалғыз жолы – қарапайым таксофон қоңырауы еді. Ал бүгінде бейнеқоңыраулардың арқасында аналар мен балалары, әйелдер мен ата-аналар экран арқылы болса да бір-бірінің қасында екенін сезіне алады.

Әр сотталған әйелге жеке ID-код беріледі, қоңыраулар тек жеке ісіне алдын ала енгізілген нөмірлерге ғана жасалады. Ал туыстары өз телефондарында арнайы мобильді қосымшаны орнатып, байланысты төлейді. Осылайша көптен күткен бейнеқоңырау жүзеге асады.

Мекемеде алаяқтық үшін жазасын өтеп жатқан бір әйел жарты жылдан кейін алғаш рет өз балаларын көрді. Бостандықта оның төрт баласы бар, соның үшеуі кәмелетке толмаған. Олар әкесімен басқа облыста тұрады. Әкесі жұмыс істеп ,балалары мектепте оқығандықтан анасына келуге мүмкіндіктері болмаған.

Осы уақыт ішінде отбасы бір-бірін көре алмаған. Бейнеқоңыраудан кейін әйел өз әсерімен бөлісті.

Менің бұл жерде жүргеніме біраз болды. Мұндай жаңашылдықтар енгізілгеніне қатты қуаныштымын. Енді біз тек дауысын естіп қана қоймай, жақындарымыздың жүзін көре аламыз. Бұл – үлкен бақыт. Балаларымды жиі көру мүмкіндігі – маған күш пен үміт береді, – дейді көпбалалы ана.

Қазіргі таңда мекемеде үш құрылғы орнатылған.Бұл құрылғы сотталғандарға өз туыстарын бейнебайланыс арқылы аптасына бір рет көруге мүмкіндік береді.

Бейнеқоңыраудан бөлек, аудио және бейне хабарламалар жіберу, SMS алмасу қызметтері де қолжетімді. Барлық ақпарат қорғалған серверде сақталады, бұл жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мекеменің тәртіп бөлімінің бастығы Балнұр Ахметханова бейнетаксофон орнату жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 14 наурызында Құрылтайда берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асқанын атап өтті.

Бұл бастама кәмелетке толмаған балалары бар әйелдердің ұсталуы жағдайларын гуманизациялауға бағытталған. Жаңа жүйе отбасылық байланыстарды нығайтуға, сотталғандардың күйзеліс деңгейін төмендетуге, заңға бағынуға деген ынтасын арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді, – деді Балнұр Ахметханова.

Көптеген әйелдер үшін бұл жаңалық – күнделікті өмірдегі шынайы үміт сәулесі. Себебі баласының күлкісін, анасының жүзін немесе жақын адамның көзқарасын көру – жай ғана қоңырау емес. Бұл – өмірге деген сенім мен болашаққа үміт.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру