Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы әйелдер колониясында фастфуд дайындау дағдылары үйретілді

Абай облысындағы әйелдер колониясында 45-тен астам сотталған аспаз мамандығы бойынша кәсіби оқытудан өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колонияға келген кәсіпкер сотталған әйелдерге заманауи фастфуд тағамдарын әзірлеуге арналған практикалық мастер-класс ұйымдастырды.

Сабақ барысында шақырылған маман тез дайындалатын тағамдар саласындағы жаңа үрдістер, тұтынушылардың қазіргі талғамы жайлы жан-жақты ақпарат беріп, танымал фастфуд түрлерін дайындау технологиясын көрсетті. Сонымен бірге санитарлық талаптарды сақтау, тағамды дұрыс безендіру және ұсыну мәдениетіне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға он беске жуық сотталған қатысты. Қатысушылар тек бақылап қана қоймай, ингредиенттерді дайындаудан бастап, тағамдарды жинақтау мен соңғы безендіруге дейінгі барлық кезеңді өз қолдарымен орындады. Көпшілігі үшін бұл сабақ жаңа кәсіби тәжірибе болып, дағдыларын шыңдауға және бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға тың серпін берді.

— Осындай тағамдарды дайындауды үйренуді көптен бері қалайтынмын. Бүгінде фастфудқа сұраныс жоғары, әсіресе жастар арасында танымал. Сондықтан бүгін алған білімімнің практикалық маңызы зор деп ойлаймын. Бостандыққа шыққан соң бұл дағдыларым қажет болады, балаларымды да өз қолыммен дайындалған заманауи, дәмді тағамдармен қуанта аламын, — деді сотталғандардың бірі.

— Мұндай іс-шаралардың сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу ісінде маңызы ерекше. Мастер-класстар әйелдерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді, өз-өзіне деген сенімін арттырады және болашаққа оң көзқарас қалыптастырады. Бұл – олардың қоғамға сәтті оралуына бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Іс-шара жалпы естелік суретке түсумен аяқталып, кәсіби оқыту бағдарламасы аясында жаңа практикалық сабақтарды жалғастыру туралы келісім жасалды. Мастер-класс соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру