Абай облысындағы әйелдер колониясында отбасы құндылықтары талқыланды
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясында сотталғандар арасында отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған тәрбиелік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдер колониясы мекемесінде отбасы құндылықтарын нығайтуға және заңға бағынған өмір салтына тұрақты мотивация қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік әрі психологиялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстың кезекті кезеңі ретінде әйел өміріндегі отбасының рөліне арналған тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. 60-қа жуық сотталған әйел "Отбасы құндылықтары: әртүрлі буын көзқарасы" атты пікірталас алаңына қатысты.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, қазіргі қоғамдағы отбасының және әйелдің рөлі, жеке жауапкершілік пен өмірлік басымдықтар туралы өзара ойбөлісті.
Іс-шара барысында отбасы мен мансап арасындағы таңдауды арқау еткен "Семьянин" көркем фильмі көрсетілді. Фильм сотталған әйелдерге ерекше әсер қалдырып, өмірлік құндылықтарды қайта саралауға мүмкіндік берді.
— Бір кездері менің де отбасым болды: жолдасым және үш балам — екі ұлым мен бір қызым. Қарапайым өмір сүрсек те, бақытты едік. Есепші болып жұмыс істеп жүріп, бір сәттік әлсіздікке бой алдырып, ұрлық жасадым. Бүгінде балаларым менсіз өсіп жатыр. Сол себепті бұрын қолымда бар бақты қадірлеудің қаншалықты маңызды екенін енді терең түсініп отырмын. Шын мәнінде, ең қымбаты — материалдық дүние емес, жақындарыңның жанында болу бақыты екен, — деп бөлісті сотталғандардың бірі.
Сотталғандар арасындағы тәрбиелік-психологиялық жұмыс бөлімінің аға психологы Алтынгүл Агатанованың айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталған әйелдердің отбасы институтына деген саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
— Осындай кездесулер арқылы біз сотталған әйелдердің балалардың болашағына деген жауапкершілік сезімін арттырып, олардың оң өзгерістерге деген ішкі ынтасын оятуға көмектесеміз. Бұл — қайта әлеуметтендіру жұмысының маңызды бағыты, — деді маман А.Агатанова.
Сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге және олардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақыттада жүйелі түрде жалғасын табады.
