Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталған анасына ерекше тарту жасады
Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталған қыз анасына ерекше тарту жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясында жүрекке жылу сыйлаған әсерлі оқиға болды.

22 жастағы сотталған қыз анасының 60 жас мерейтойына арнап ерекше сыйлық әзірледі. Ол — өз қолымен салған картина. Бұл сыйлық анасы ұзақ мерзімді кездесуге келген кезде табысталды. Анасы қызына қолдау білдіріп, мерейтой қуанышын бірге бөлісу үшін арнайы келген.
Картинада көл жағасындағы шағын үй бейнеленген. Бұл сурет отбасы жылулығын, татулық пен берекені, сондай-ақ арақашықтық пен тағдыр сынына қарамастан сақталған жақындықты білдіреді.
– Мен үшін анама сыйлық жасау өте маңызды болды. Осы арқылы оған деген алғысымды жеткізгім келді. Мен оның үмітін ақтай алмасам да, ол мені ешқашан тастап кеткен жоқ. Қазір мұнда болғандықтан қымбат сыйлық жасауға мүмкіндігім жоқ. Сондықтан бар махаббатым мен ризашылығымды өз қолыммен жасаған дүнием арқылы білдіруді жөн көрдім. Бұл картинаны сала отырып, бір күні көл жағасында өз үйіміз болып, ең бақытты сәттеріміз сол жерде өтетінін елестеттім, – дейді сотталған қыз тебіреніспен.
Анасы да қызының тартуын ерекше толқыныспен қабылдады.
– Бұл картинаны көрген сәтте қатты толқыдым. Әрбір штрихынан қызыма тән мейірім мен жан жылуы сезіледі. Үй мен көл бейнесі ерекше әсер қалдырды. Бұл мен үшін жай ғана сыйлық емес, қандай жағдай болмасын, біздің арамыздағы байланыстың үзілмейтінінің дәлелі. Бұл – біз әрқашан бір-бірімізге тірек болып, қолдау көрсететініміздің белгісі, – деді анасы.
Мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті.
– Әлеуметтік байланыстарды сақтау мен отбасылық құндылықтарды нығайту – тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Отбасының қолдауы сотталған адамның қайта әлеуметтенуінде шешуші рөл атқарады. Осындай сәттер олардың заңға бағынған өмірге деген сенімін арттырып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етеді, – деді ол.
Бұл оқиға ана мен бала арасындағы мызғымас байланыстың, шынайы сүйіспеншілік пен үміттің қандай жағдайда да сақталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
