Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды
Абай облысындағы әйелдер колониясында кәсіпкерлер сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты әйелдер колониясында сотталған әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне арналған кәсіпкерлермен кездесу өтті. Іс-шараға Жарма ауданының жеке кәсіпкерлері, Жарма ауданы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ аудандық прокуратура қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мекеме аумағында жаңа жұмыс орындарын құру және сотталғандарды тұрақты түрде жұмыспен қамтудың әрі қарайғы тетіктерін айқындау болды.
Қонақтарға колонияның жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандары – кондитерлік, тұшпара және консерві цехтары таныстырылды. Мекеме қызметкерлері шығарылатын өнім түрлері, технологиялық процестің ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі айтып, кәсіпкерлерге мекеме базасында жаңа жұмыс орындарын ашудың артықшылықтарын түсіндірді.
Қазіргі уақытта мұнда шамамен үш жүзге жуық әйел жазасын өтеп жатыр, олардың 100-ден астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Сотталғандар кондитерлік және тұшпара цехтарында, жылыжайда және колония аумағындағы басқа да өндірістік нысандарда еңбек етеді. Алған еңбекақысы оларды сот шешімімен өндірілетін төлемдерді өтеуге және отбасыларына материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
— Біз үшін мұндай өзара әрекеттестік әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан маңызды. Дайын өндірістік алаңдар мен тұрақты жұмыс күші бізге тиімді мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл бастама сотталған әйелдерге жаңа мамандық алып, қоғамға бейімделуге көмектеседі. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысымыз жалғасады деп үміттенемін, — деп атап өтті кәсіпкер.
— Біз бизнес-қоғамдастықпен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз, себебі жұмысқа орналастыру – түзету үдерісінің негізгі элементтерінің бірі. Жұмыс дағдыларын алып, нақты тәжірибе жинаған әйелдер бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға тез бейімделеді және өз орнын оңай табады. Біз колония аумағында жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлерді қолдауға және барлық жағдай жасауға дайынбыз, — деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
