Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталғандардың балаларына аспаздық шеберлік сабағы өтті

Балаларды қорғау күні қарсаңында Абай облысындағы әйелдер колониясында сотталған әйелдердің балаларына арналған аспаздық шеберлік сабағы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысындағы әйелдер колониясында Балаларды қорғау күніне орай ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл күнді әрбір сотталған ана тағатсыздана күтті. Себебі дәл осы күні олар өз баласын жеке құттықтап, құшағына алып, мейірімін көрсету мүмкіндігі туды.

Бұл — осы жылы осындай форматта өткізілген үшінші іс-шара. Ол Балаларды қорғау күніне орайластырылып, жылы әрі бейресми атмосферада өтті. Колония әкімшілігі мен сотталған әйелдер бірлесіп, мазмұнды да қызықты мерекелік бағдарлама дайындады.

Мекеме қызметкерлері тарапынан бірқатар тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, ана мен бала бірге қатысқан отбасылық аспаздық шеберлік сабағы ерекше әсер қалдырды. Бұл шара барысында олар бірге торттарды сәндеп, печенье кесіп, қамыр илеп, түрлі тәттілер әзірледі. Бұл шығармашылық жұмыс — қамқорлықтың, бірліктің және шынайы қуаныштың белгісіне айналды.

— Бүгінгі ашық есік күнінде әр ана өз арманына бір қадам жақындады. Баласымен бірге тәтті бәліш пісіріп, бір сәтке үйдегі ас үй атмосферасын сезінді. Әрбір ана қызына кекс немесе қамырдан дайындалатын тағам пісіруді үйреткісі келеді. Бірақ бұл жерде ондай мүмкіндік жиі бола бермейді. Мен бостандықтан бес жыл бұрын айырылдым, сол кезде қызым небәрі төрт жаста еді. Қазір ол тоғызға келді, және оның да көптеген қыздар сияқты ас үйге деген қызығушылығы артып келеді. Осындай іс-шараны ұйымдастырғаны үшін мекеме әкімшілігіне шын жүректен алғысымды білдіремін. Әр Ашық есік күні — біз үшін нағыз мейрам. Бұл күндері біз тек жақындарымызбен қауышып қана қоймай, олар үшін арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларымызды ұсынып, олардың көңілін көтере аламыз. Ал бүгінгі аспаздық шеберлік сағаты арқылы өзімізді үйдегі анамыздың ас үйінде отырғандай сезіндік, — деп бөлісті сотталған әйел.

Сонымен қатар балалар өз аналарына арнап суреттер салды. Бұл суреттер — олардың анаға деген махаббаты мен мейірімінің, сағынышы мен нәзік сезімдерінің көрінісі. Мұндай сыйлықтар әйелдер үшін аналықтың және отбасылық байланыстың қаншалықты маңызды екенін еске салатын ерекше символ болды.

— Темір тордың ар жағындағы әйелдер үшін Ашық есік күні — жай ғана кездесу емес, бұл — олардың рухани тірегі мен ішкі қуатының көзі. Осындай сәттерде олар өздерін қайтадан ана ретінде сезініп, қажет әрі сүйікті жан екенін ұғынады. Балалармен қарым-қатынас жасау — өмірге мән беріп, болашаққа деген үміт ұялатады. Мұндай кездесулер — өмірді қайта бағалап, оң өзгерістерге қадам басуға үлкен түрткі. Біз, психологтар, тіпті қысқа ғана уақыт баламен тілдесудің әйелдердің жан дүниесіне оң әсер ететінін жиі байқаймыз, — деп атап өтті мекеменің тәрбие және психологиялық қызмет бөлімінің психологы Алтынгүл Агатанова.

Кездесу естелік фотосуреттер түсірумен, алғыс сөздермен және болашақтағы жылы кездесулерге деген үмітпен аяқталды. Колонияда өткен Ашық есік күні — жазасын өтеу жағдайында да адамгершілік көзқарас, рухани қолдау және отбасы құндылықтарын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру