Абай облысындағы әйелдер колониясында жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады
Абай облысындағы әйелдер колониясында жас қызметкерлер Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты түрде ант қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күніне орай Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №23 мекемесінде ерекше салтанатты шара өтті. Бұл күні мекемеде жаңадан қызметке қабылданған жас қызметкерлер ішкі істер органдарына адал қызмет етуге ант беріп, ҚАЖ жүйесі қатарын толықтырды.
Салтанатты рәсімге мекеме басшылығы, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жеке құрам қатысты. Шараны мекеме бастығы, әділет полковнигі Уәлихан Жұмашев ашып, жас мамандарға жүрекжарды тілегін білдірді:
– Естеріңізде болсын, полицей болу – тек мамандық емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыш. Полиция қызметкері үшін ең маңызды қасиеттер – Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық пен жоғары саналылық. Бұл жол сабырлықты, төзімділікті және ең бастысы, адамгершілікті талап етеді. Сіздер өз тағдырларыңызды жауапкершілігі зор, абыройлы қызметпен байланыстырдыңыздар. Сол сенімге лайық болыңыздар, – деді мекеме басшысы.
Салтанатты сәтте алты жас маман қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері мен басшылықтың алдында ант беріп, қызметтік міндеттерін адал атқаруға, кез келген сын-қатерге төтеп беруге, әділ де ержүрек, қырағы қызметкер болуға серт берді.
Ант қабылдау рәсімінде сөз сөйлеген ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Талғат Бекқасымов былай деді:
– Бүгінгі көріністі көріп, 1981 жыл, 30 жастағы шағым көз алдыма келді. Учаскелік инспектор болып тағайындалып, осылайша салтанатты түрде ант берген сәтімді еске алдым. Ол кезде ерекше толқыған едік, өз жолымызды мақтанышпен таңдадық. Қазір жасыма 75 толды. Осы сәтте өзімнің жастық шағыма қайта оралғандай күй кештім. Мекеме ұжымына соған мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Жас қызметкерлерге елге адал қызмет етуді, ІІМ формасын мақтанышпен киіп жүруді тілеймін. Ант беру – өмірдегі жалғыз әрі ерекше рәсім. Бұл сәт әрбір қызметкердің жүрегінде мәңгі сақталады. Сол себепті әр қадамдарыңызға жауапкершілікпен қарап, ҚАЖ жүйесінің мақтанышы болыңыздар, – деп ізгі тілегін жеткізді ардагер.
Мекеме басшысының айтуынша, ант беру рәсімінің дәл Қазақстан полициясы күніне тұспа-тұс келуі – бекер емес. Себебі бұл күн – ел тыныштығын күзеткен сақшылар үшін аса маңызды мереке. Ал әскери ант – бұл тәртіп пен адалдықтың айқын көрінісі, ерлік пен елге қызмет етудің символы.
Жас мамандар үшін бұл күн – өмірлеріндегі жаңа парақтың басталуы ғана емес, елге деген адал қызметтің алғашқы қадамы болды.