Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы кинолог пен қызметтік иттің үйлесімді жұмысы

Абай облысы полиция департаментінде Сэм атты лабрадор қызмет атқарады. Ол - жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша арнайы дайындықтан өткен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған қызметтік ит, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сэмнің кәсіби қалыптасуы мен күнделікті дайындығы инспектор-кинолог Бота Ахметжановтың тікелей еңбегінің нәтижесі. Қызметке қабылданған күннен бастап Сэм кинологтың тұрақты бақылауында болып, жүйелі түрде тәрбиеленіп, арнайы жаттығулардан өтті.

Кинолог пен қызметтік ит арасындағы өзара сенім, қатаң тәртіп пен үздіксіз дайындық Сэмнің қызметтік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде ол жарылғыш заттарды анықтау бағытындағы тапсырмаларды жоғары кәсіби деңгейде орындайды.

Қызмет барысында Сэм жарылғыш заттар бойынша 192 түрлі шақыртуға қатысып, нысандарды тексеру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларында қолданылды. Әрбір жағдайда ол белгіленген алгоритмге сай әрекет етіп, кәсіби даярлығының жоғары екенін көрсетті.

2024 жылы Сэм Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығында оқудан өтіп, жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша біліктілігін арттырды. Алынған білім мен тәжірибе қазіргі таңда күнделікті қызметте тиімді қолданылып келеді.

Қазіргі уақытта Сэм мен инспектор-кинолог біртұтас команда ретінде Абай облысы аумағында өткізілетін жаппай іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстарға тұрақты түрде жұмылдырылады.

Сэм - жоғары деңгейде дайындалған қызметтік ит болса, оны осындай дәрежеге жеткізген — кәсіби кинологтың ерен еңбегі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру