Абай облысындағы колонияда бостандыққа шыққан сотталғанды тусытары қақпа алдынан күтіп алды
Абай облысындағы колонияда бостандыққа шыққан сотталғанды тусытары қақпа алдынан күтіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясында ерекше әсерлі оқиға болды — алаяқтық үшін жазасын өтеген 26 жастағы әйел бостандыққа шықты. Сот үкімімен оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.
Ол үшін бұл күн тек заңды тұрғыдағы босату емес, жаңа өмірдің бастауымен, көптен күткен еркіндікпен қайта қауышу сәтімен ерекшеленді.
Жазасын өтеу кезінде ол мекемеде аспаздың көмекшісі болып еңбек етіп, өзіне тапсырылған жұмыстарды ұқыптылықпен орындап, еңбекқор әрі жауапты қызметкер ретінде танылды. Қиындықтарға қарамастан, ол өз бойындағы сенім мен үмітті жоғалтпады, өйткені оны сыртта төрт және алты жастағы қос перзенті күтіп отыр еді.
Міне, сол көптен күткен күн де келіп жетті. Колония қақпасында оны Жетісу облысынан арнайы келген сүйікті жары күтіп алды. Ерлі-зайыптылардың жүздесуі жүрек тебірентерлік әсер қалдырды — олар қуаныштың көз жасын тыя алмай, бір-бірін құшағынан ұзақ уақыт босата алмады. Бұл — тек ер мен әйелдің кездесу сәті ғана емес, ананың өз үйіне, отбасына, өмірінің мәніне қайта оралуы еді.
Бостандыққа шыққан әйел мекеме әкімшілігіне қолдау мен түсіністік танытқандары, сондай-ақ қиын күндерде еңбек етіп, рухани күш табуға мүмкіндік жасағандары үшін алғысын білдірді.
— Ең бастысы – жақындарымның қасымда болуы. Мен осы сәтті күн сайын армандадым. Сотталғанға дейін макияж суретшісі болып жұмыс істедім, енді сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Адамдарды әдемі етіп, оларға қуаныш сыйлау — менің өмірлік мақсатым. Әрине, жастықтың ең жақсы жылдары түрме қабырғасында өтті, бірақ бұл өмірлік сабақ маған көп нәрсе үйретті. Ендігі бар арманым — балаларым мен отбасым үшін жаңа өмір бастау, — деп бөлісті ол шынайы сезіммен.
№23 мекеме әкімшілігі әйелдердің қоғамға бейімделуіне ерекше мән беретінін атап өтті.
— Біз сотталғандарды тек жазасын өтеу кезінде ғана емес, бостандыққа шығуға дайындық кезеңінде де қолдауға тырысамыз. Оларға еңбек етуге, жаңа дағдылар мен мамандықтарды меңгеруге жағдай жасаймыз. Басты мақсатымыз — олардың еркіндікке шыққаннан кейін өмірін жаңа парақтан бастап, өткен қателіктерін қайталамауы, — деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
Бұл әсерлі оқиға — өмірде жаңа бастауға үміт бар екенін, адам өз жолынан адасса да, қайта оралуға әрдайым мүмкіндік бар екенін еске салады.
