Абай облысындағы «Қауіпсіз қала» шарасының нәтижелері
Жаңа жылдан бастап Абай облысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шаралар аймақта құқық бұзушылық пен тұрмыстық қылмыстардың алдын алуда ерекше тиімділігін дәлелдеп, жаңа жылдың сәтті бастамасына айналды.
Өткен жылдың қайғылы оқиғаларынан сабақ алған облыстық полиция департаменті биылғы мерекелерде қауіпсіздік шараларын барынша күшейтті. Өткен жылы Семей қаласында жаңа жылдық демалыс күндері дастарқан басындағы жанжалдардың соңы үш кісі өлтіру фактісіне әкелген еді. Ал биыл мұндай ауыр қылмыстардың бірде-бірі тіркелмеді.
Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін полиция қызметкерлері 12 503 үйді тексеріп, ішкі істер органдарының есебінде тұрған 9 800-ден астам азамат пен 56 шетел азаматының тұрғылықты мекен жайларын аралап шықты. Әсіресе көлікпен жету қиын шалғай аудандар мен саяжай массивтерін қамту үшін атты полиция қызметі тиімді пайдаланылды.
Профилактикалық шаралардың нәтижелері:
Барлығы 882 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 150-і қоғамдық қауіпсіздікке қатысты.
Қоғамдық орындарда масаң күйде болған 132 азамат жауапқа тартылды.
Алкогольді заңсыз сату фактілері бойынша 4 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Медициналық айықтырғышқа 179 адам жеткізілді.
Кәмелетке толмаған 29 жасөспірім полицияға жеткізіліп, оның екеуі алкоголь ішкені үшін ұсталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын тексеріп, шетел азаматтарының тіркеусіз тұру фактілерін анықтады.
– «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шаралары мереке күндері ауыр қылмыстардың алдын алуға септігін тигізді. Біз қала тұрғындарымен өзара тығыз байланысымызды жалғастырып, олардың қауіпсіздігін басты назарда ұстаймыз. Ең бастысы тұрғындар бұл шаралардың олардың игілігі үшін жасалғанын түсінуі керек, – деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.
Қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген құқық қорғау органдарының осы игі бастамасы облыс тұрғындарының тыныштығын сақтауда маңызды қадам болды.