Абай облысындағы “Жас Ұлан” мектеп-лицейінде көшпелі отырыс өткізілді
Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия Ш. Уәлиханов атындағы дарынды балаларға арналған Жас Ұлан мамандандырылған ер балалар мектеп-лицей-интернатында көшпелі отырыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көшпелі отырысқа Абай облысы әкімінің орынбасары Сарсебаев Жасұлан, Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Исаков Бейбіт, сондай-ақ прокуратура, білім беру мекемелері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы — білім беру мекемесінде буллингтің алдын алу мәселесі болды.
Жасөспірімдер арасындағы проблемалық жағдайларды талқылау барысында құқық қорғау органдарының өкілдері аймақта кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстық жағдайлар туралы статистиканы ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі тұрақты жұмыс топтарын құру және оқушылардың хабардарлығын арттыру мақсатында ауқымды ақпараттық науқан өткізу ұсынылды. Білім беру жүйесінің өкілдері де құқық бұзушылық белгілерін ерте анықтауға бағытталған мектеп психологтарының жаңа жұмыс форматтарын енгізуді ұсынды.
Комиссия төрағасы тәртіп бұзушылықпен күрестегі табыстың кепілі жазалауды қатаңдату емес, жастар арасында өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізу екенін атап өтті.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру және өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпсіз орта құру бойынша жұмыстарды басқа білім беру мекемелерінде де жалғастырады.