Абай облысының арнайы жасақ қызметкерлері Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
Абай облысының арнайы жасақ қызметкерлері Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
3–7 қыркүйек аралығында Семей қаласында ересектер арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл айтулы дода бірден екі тарихи оқиғаға арналды: ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы және елімізде кикбоксингтің дамуына 35 жыл толуы. Жарысқа Қазақстанның 20 өңірінен келген 200-ден астам мықты спортшы қатысып, күш пен рухтың, спорттық шеберліктің мерекесіне айналды.
Чемпионатқа Абай облысыполиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері де қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Полиция лейтенанты Нұрым Сәбетұлы 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болса, полиция аға лейтенанты Дарын Берікжанов 91 келіден жоғары салмақ санатында қола медаль еншіледі.
Бұл жеңістер – спортшылардың жеке шеберлігінің ғана емес, сондай-ақ олардың кәсіби тәртібі мен дене дайындығының, өз ісіне адалдығының айқын дәлелі.
Чемпионат спорттық қана емес, мәдени-патриоттық мәнге де ие болды. Ол Абайдың рухани мұрасын дәріптеп, спорттың жас ұрпақтың денсаулығы мен болашағын қалыптастырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Көрермендер тартысты жекпе-жектердің куәсі болды: әр кездесу эмоцияға, шебер тактикаға және жауынгерлік мінезге толы өтті. Мұндай жарыстар жастарға жігер сыйлап, спорттың – ерік-жігерді шыңдайтын, өзін-өзі дамытуға бастайтын жол екенін көрсетеді.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің бұл жетістіктері бөлімшенің абыройын арттырып қана қоймай, әріптестері мен жас спортшыларға үлгі болды.
Жеңісті жолдарыңыз жалғаса берсін! Қызметте де, спортта да жаңа биіктерді бағындыра беріңіздер!