Абай облысының күштік құрылымдары арасында шаңғы жарысы өтті
Абай облысының күштік құрылымдары арасында шаңғы жарысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жеке құрамның дене дайындығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында дәстүрлі Қысқы спартакиада ұйымдастырылды. Облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы базасында өткен бұл жарысқа Абай облысы Полиция департаменті мен күштік құрылымдарының бөлімшелері қатысып, үздіктер атағы үшін сынға түсті.
"Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының қолдауымен өткен сайыста 11 команда бақ сынап, аязды күн мен қызу тартыс шынайы спорт мерекесіне айналды.
Ерлер арасында Затон полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінің көмекшісі Аслан Нұрғалиев жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Абай облысы ПД ақпарат және байланыс басқармасының инспекторы Ақжол Абдыкаримов иеленді. Қола медальды Абай облысы арнайы қызмет күзеті басқармасының полицейлері Абылай Түсүпбеков пен Ерасыл Асылханов өзара бөлісті.
Әйелдер арасында уақытша ұстау изоляторының фельдшері Шарипова Виктория жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Абай облысы ПД тылдық қамтамасыз ету басқармасының ғимаратын қорғау жөніндегі полицейі Алтынай Ескендірова иеленді. Қола медаль полиция аға лейтенанты Айнұр Ақшолақова мен полиция старшинасы Гүлмира Меркурбановаға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен медальдар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды.
Қысқы спартакиада – тек физикалық төзімділікті сынау алаңы ғана емес, сондай-ақ командалық рух пен жеңіске деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Спорт пен қызмет қатар жүріп, мінезді шыңдап, рухты бекемдейді.