Абай облысының тұрғындары "Заң мен Тәртіп" сервисін белсенді қолдануда
Абай облысының тұрғындары "Заң мен Тәртіп" сервисін белсенді қолдануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау қызметтерін цифрландыру және сервистік модельді дамыту аясында елімізде кеңінен қолданылатын мобильді қосымшаларға интеграцияланған "Заң мен Тәртіп" сервисі іске қосылған.
Маусым айынан бастап азаматтар "Police-102", "E-Gov Mobile", Kaspi.kz, Halyk Bank және BCC.KZ қосымшалары арқылы полицияға жеке бармай-ақ, құқық бұзушылық туралы ақпаратты жедел жолдай алады.
Есептік кезеңде Абай облысы полиция департаментіне омниканалды жүйе арқылы 526 хабарлама келіп түсті.
"Police-102" арқылы 320 хабарлама түскен. ЖҚЕ бұзушылықтары туралы 296, өзге құқық бұзушылықтар жайлы 21, тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы 1 және 2 рет полиция қызметкерлері жайлы хабарлама түскен.
"E-Gov Mobile" арқылы 97 хабарлама түскен. ЖҚЕ бұзушылықтары туралы 39, құқық бұзушылықтар жайлы 44, 1 жол-көлік оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 6 хабар, полиция қызметкерлерінің жұмысын жақсартуға бағытталған 7 хабар түскен.
Kaspi.kz арқылы 84 хабарлама тіркелді. ЖҚЕ бұзушылықтары 47, құқық бұзушылықтар жайлы 28, балаларға қатысты оқиға — 2, тағы да басқа 7 хабар түскен.
Halyk Bank арқылы бір жол-көлік оқиғасы мен балаларға қатысты бір оқиға тіркелді.
Басқа арналардан 23 хабарлама, оның ішінде ЖҚЕ бұзушылықтары жайлы 20 дерек тіркелген.
Әр өтініш жүйеде автоматты түрде тіркеліп, тіркеу нөмірі беріледі. Өтініш беруші қаралу мәртебесін онлайн қадағалап, 102 операторымен чат арқылы қосымша ақпарат ала алады. Азаматтардың жеке деректері толық қорғалады.
– "Заң мен Тәртіп” сервисі — халықпен тікелей байланыс орнатудың тиімді құралы. Ақпарат алмасудың цифрлық форматы полицияның әрекет ету жылдамдығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Абай облысы ПД жедел басқару орталығының бастығы Бауыржан Садақбаев
Полиция тұрғындарды заң талаптарына селқос қарамай, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысу үшін сервисті кеңінен пайдалануға шақырады.
