Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысының тұрғыны отбасында  жанжал шығарғаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылды

Абай облысының тұрғыны отбасында  жанжал шығарғаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында 47 жастағы ер адам отбасы мүшесіне қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін сот үкімімен 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Ол анасымен және 83 жастағы өгей әкесімен бірге тұратын.

Тергеу материалдарына сәйкес, отбасылық кикілжің алкогольдік ішімдік ішу кезінде туындаған. Тұрмыстық дау қаржылық мәселелерге байланысты өршіп, нәтижесінде ер адам қарт туысына қатысты заңсыз әрекетке барған.

Сот шешімімен оған қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалып, үкім заңды күшіне енген соң, ер адам Абай облысы Жарма аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынды. Қазіргі уақытта ол ауылдық округ әкімшілігінде қоғамдық жұмыстарын орындауда.

Пробация қызметінің инспекторлары сотталғанмен жеке профилактикалық және тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, оның әлеуметтік бейімделуіне және қайталама құқық бұзушылыққа жол бермеуіне ықпал етуде.

— Қоғамдық жұмыстар – азаматтарға қоғамнан оқшауланбай, өз іс-әрекеттерінің салдарын түсінуге мүмкіндік беретін шара. Еңбек арқылы адам өз қателігін сезініп, түзелуге және әлеуметтік жауапкершілікті ұғынуға бейімделеді, — деді Жарма аудандық №1 пробация қызметінің бастығы Рустам Абдулгазинов.

Айта кету керек, егер сотталған жаза өтеуден жалтарса, қоғамдық жұмыстардың орындалмаған әр төрт сағаты қамаққа алудың бір тәулігіне ауыстырылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру