Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында ІІО ардагерлерінің ұйымдары ашылады
«Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері елордада бас қосты. Х кезектен тыс конференцияға әр аймақтан 55 делегат келді, – деп хабарлайды Polisia.kz cайтының тілшісі.
Жиынға ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қатысып, көпшілікке ІІМ басшысының хатын оқып берді.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің Х кезектен тыс конференциясындағы басты мәселе қоғамдық бірлестік жанынан жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында үш филиал ашу болды.
– Бүгінгі күні «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 42 филиалы бар, оның құрамында 49 ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. 72 мың зейнеткер мен ардагеріміз бар. Өздеріңіз білесіздер, ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – осы бірлестік құрамындағы зейнеткерлер мен ардагерлердің құқығын қорғау, жас ұрпақты тәрбиелеу, қылмыстың алдын алу мен ашуда тәжірибемен бөлісу, – деді Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков.
Конференцияда ардагерлердің денсаулығына көңіл бөлу, шипажай, демалыс орындарына жіберу мәселелері талқыланды.
Құрылтайда әр облыс атынан келген ардагерлер ұйымының төрағалары атқарған жұмыстарына есеп беріп, алдағы міндеттерді айқындап алды. Ортақ мәселенің шешімін тауып, жаңа филиал басшыларын ұсынды.
Шара соңында «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай және Республика күні қарсаңында бірқатар ардагер алғыс хаттармен, сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.