Адал асын ішіп, қастандық қылған
Павлодар облысында белгісіз адам зейнеткердің үйіне кіріп, әмиянын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 тамызда Ертіс ауылының 82 жастағы жергілікті тұрғыны, зейнеткер полицияға жүгінген. Белгілі болғандай, зейнеткердің үйіне белгісіз адам заңсыз кіріп, әмиянын ұрлаған. Зардап шегуші әмиянының ішінде 235 мың теңге болғанын, ол ақшаны үйді жөндеуге жұмсамақ болғанын айтады.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері зейнеткердің көршілерінен, таныстарынан және куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде 41 жастағы ауыл тұрғыны күдікті деп танылды. Ол зейнеткерге шаруашылық, үй және бау-бақшада көмек көрсетіп жүрген жан болып шықты. Тергеу барысында ер адам өз кінәсін мойындап, ұрланған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты. Зейнеткердің сеніміне кіргендіктен оған туған баласындай қарап, тамақтандырып, зиян әрекет жасар деп күдіктенбеген. Адал асын ішіп, қарияға қастандық қылған азамат енді жасаған қылмысы үшін Заң алдында жауап беретін болады.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыс аумағында 1515 ұрлық фактісі тіркелген. Бұл туралы Ертіс аудандық полиция бөлімінің басшысы Дәулет Молдабаев хабарлады.