Адалдық пен әділдік жолындағы абыройлы қызмет
Қоғам тыныштығын сақтау мен заң үстемдігін қамтамасыз ету – оңай жұмыс емес. Бұл салада қызмет атқаратын әрбір азаматтан үлкен жауапкершілік, сабыр және адалдық талап етіледі. Осындай абыройлы міндетті өз иығына артқан азаматтардың бірі – Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде мекеме бастығының кезекші көмекшісі Рахым Сыздықов, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейіпкеріміз 1985 жылдың 23 қыркүйегінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ погон тағып, ел тыныштығын күзететін құқық қорғау органдарының қызметкері болуды армандаған. Сол арман жетегінде 2003 жылы орта мектепті жақсы бағамен тәмамдап, кейіннен Болашақ университетіне түсіп, 2013 жылы құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.
Еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Байқоңыр қалалық қылмыстық-атқару инспекциясында инспектор болып бастаған. Жауапкершілігі мен тиянақтылығының арқасында Рахым қысқа уақыт ішінде өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылды. 10 жылдан астам уақыт ішінде қызметтің түрлі сатысынан өтіп, бүгінде ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде мекеме бастығының кезекші көмекшісі лауазымында абыроймен еңбек етуде.
Қызмет барысында ол пробация саласында да үлкен тәжірибе жинақтады. Ол лейтенант шенінен бастап, әділет майоры атағына дейін сатылап көтеріліп, қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары ретінде де жауапты қызметтер атқарған.
– Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету – үлкен жауапкершілікті, сабыр мен әділдікті талап ететін жұмыс. Бұл салада әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын естен шығаруға болмайды. Біздің басты мақсатымыз – жазасын өтеп жүрген немесе жазадан босатылған азаматтарға қоғамға қайта бейімделуге көмектесу, олардың өмірге деген сенімін арттыру. Мен бұл қызметті таңдағанда, елге адал қызмет етуді, әділеттілікті қорғауды мақсат еттім. Қазір мен үшін ең маңыздысы – өз ісімді адал атқарып, жас мамандарға үлгі болу. Қызметтен бос уақытымда спортты жаныма серік етемін. Әріптестеріммен бірлікте, ел игілігі үшін еңбек ету – ең үлкен жетістік деп білемін, – дейді әділет майоры.
Қызметтегі табандылығы мен парасатты мінезі оны әріптестері арасында сыйлы, ал басшылық алдында сенімді тұлға ретінде танытты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін кейіпкеріміз тек жұмыста ғана емес, отбасында да өнегелі азамат. Ол – сүйікті жар, екі қыздың қамқор әкесі.
 
						
 
											