Адам өмірін құтқарып қалған ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшісі медальмен марапатталды
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Әлішер Асылбеков Ішкі істер министрінің атынан жоғары награда — «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Саптық алаңда марапатты әскери бөлім командирі Әмір Мансұров батырға салтанатты жағдайда табыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл медаль — Әлішердің жазда жасаған батыл әрекетінің бағасы. 9 маусым күні сағат 22:45 шамасында қалалық жағажайда серуендеп жүрген ефрейтор Асылбеков суға батып бара жатқан әйелді байқап қалды. Ойланбастан, дереу көмекке жүгірді. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырып жатқанда, әскери қызметші жеңіл-желпі шешініп, суға секіреді де, азаматша батып бара жатқан жерге жылдам жүзіп жетеді. Әлі кетпей тұрғанда әйелді бірден жағаға шығарып, тыныс алуын жеңілдететін, өмірін сақтап қалуға көмектесетін реанимациялық іс-шаралар жасайды. Ессіз жатқан әйелдің кішкентай ұлы да сол жерде еді, ол анасын сондай халде көріп, қорыққаннан жылай бастайды. Әлішер баланы да полиция мен жедел жәрдем келгенге дейін тыныштандырған.
— Бүгін біз Әлішер Асылбековке құрмет көрсетудеміз, ол нағыз батылдық пен жанқиярлық танытып, қызметтен тыс жазатайым оқиғаның алдын алды. Оның әрекеті — баршамыз үшін үлгі және ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің кез келген жағдайда адамдарды қорғауға дайын екендігін көрсетеді, – деді 5514 әскери бөлімінің командирі Әмір Мансұров.
Ефрейтор Асылбеков Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың мамыр айынан бастап қызмет етеді және осы уақыт ішінде өзін жауапты әрі адал жауынгер ретінде көрсетті. Ол бұл оқиғадағы рөлін батырлық деп санамайды.
— Менің орнымда кім болса да, дәл осылай істейтін еді деп ойлаймын. Көріп тұрып, әрекет етпеу — мүмкін емес. Түнгі уақыт, жарықтың әлсіздігі мен ағыстың қаттылығы жағдайды біраз қиындатты, бірақ азаматшаны дер кезінде жағаға шығарып үлгердім. Су адамның күшін тез алады, сондықтан тез әрекет ету керек болды. Қауіпсіз жерге шыққасын да оған алғашқы медициналық көмек көрсете алдым. Ойымда тек аман алып қалу мақсаты болды, – дейді Әлішер.
Оның әрекеті Ұлттық ұлан қызметінің ажырамас бөлігіне айналған адалдық пен қайсарлықтың жарқын үлгісі саналады. Батыл іс-әрекеті нағыз батырлардың қасымызда екенін, кез келген уақытта көмекке келуге дайын екенін білдіреді.