Адам құқығын қорғау – басты басымдық
Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен оған қарасты мекеме қызметкерлері үшін "Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен маңызды тренинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның басты мақсаты – кінәсіздік презумпциясы қағидатын нығайту арқылы азаптаудың, қатыгез және адамшылыққа жатпайтын қарым-қатынастың алдын алу.
Тренинг Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің және БҰҰ-ның Демократияға қолдау қоры (UNDEF) жобасының қолдауымен өтті. Оқу барысында пенитенциарлық жүйе басшылығы, пробация қызметкерлері мен мекеме мамандарына арналған кәсіби біліктілікті арттыруға баса назар аударылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар азаптауларды болдырмауға бағытталған халықаралық стандарттармен, соның ішінде БҰҰ-ның тұтқындарға қатысты ең төменгі стандартты ережелерімен – әйгілі Мандела ережелерімен танысты. Бұл ережелер қазіргі заманғы адам құқықтарын сақтау саласындағы негізгі құжаттардың бірі саналады.
Тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, олар адам құқықтарын қорғау саласындағы білім мен тәжірибені жұмыс барысында тиімді қолдануға мүмкіндік алды.