Адам құқықтары жөніндегі өкіл Қызылорда облысындағы ҚАЖД мекемелеріне барды
Адам құқықтары жөніндегі өкіл Қызылорда облысындағы ҚАЖД мекемелеріне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесіне барды. Басты мақсат — сотталғандардың құқықтарының сақталуын бақылау және олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысу болды.
Б.Байхожаев мекемедегі сотталғандардың тұрғын жайларын, асханасын, кітапханасын және ұзақ мерзімді кездесу бөлмелерін аралап шықты. Сонымен қатар жазасын өтеушілердің құқық қорғау органдарына шағым беру үшін орнатылған электронды терминалдардың жұмыс барысын тексерді.
Кездесу барысында өкіл жазасын өтеушілермен ашық әңгіме жүргізді. Ол сотталғандардың денсаулық жағдайы, мекеме қызметкерлеріне қатысты шағымдары, жұмыспен қамтылуы және еңбекақының уақытылы төленуі туралы сұрады. Сонымен қатар жазасын өтеушілерге кез келген мәселе бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік бар екенін айтып, олардың құқықтарының қорғалуына ерекше назар аударылатынын жеткізді.