Адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің өкілі Жетісудағы уақытша ұстау изоляторына барды
Адам құқықтары бойынша омбудсменнің өкілі Қаратал ауданының уақытша ұстау изоляторында болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі тұрақты мониторинг жұмыстарының аясында Қаратал ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына арнайы сапар жасады.
Сапардың басты мақсаты – ұсталған азаматтардың құқықтарының сақталуын, оларды ұстау жағдайларының ұлттық және халықаралық заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру.
Мониторинг барысында ғимараттың жай-күйіне, ұсталғандарға көрсетілетін медициналық көмек пен тамақтандыру сапасына, сондай-ақ құқықтық қорғауға қолжетімділік деңгейіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар омбудсмен өкілі изоляторда ұсталғандардың пікірлері мен шағымдарын мұқият тыңдап, мекеме қызметкерлерімен жеке әңгімелесті.
Мұндай сапарлар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру үшін маңызды рөл атқарады.
Уәкілдің айтуынша, уақытша ұстау изоляторлары мен басқа да мекемелерге мониторинг жүргізу – өңірде адам құқықтарының сақталуын жетілдіруге бағытталған ауқымды стратегияның бір бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.