Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД мекемелеріне жұмыс сапарымен барды
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері Тараз қаласындағы ҚАЖД-ға қарасты мекемелерге жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында Жамбыл облысы бойынша уәкілдің өкілі Еркін Қуанышев пен аймақтың бас маманы Айдана Бектер өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде болды.
Негізгі мақсат – сотталғандардың тұрмыс жағдайымен танысу. Өкілдер асхана мен жатын бөлмелерді аралап, сондай-ақ қысқа және ұзақ мерзімді кездесулерге арналған бөлмелерді қарап шықты. Сонымен қатар жазасын өтеушілердің электронды шағым жүйесі арқылы мемлекеттік органдарға – оның ішінде сот, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа – тікелей өтініш жолдауына мүмкіндік беретін терминал жұмысы таныстырылды.
Сапар аясында уәкілдің өкілдері сотталған бірнеше азаматты жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында ұстау жағдайына қатысты шағымдар түспеді. Керісінше өкілдер жақында ғана ана атанған сотталған азаматшаға шағын сыйлық тарту етті.
Кездесу соңында мекеме басшылығына көрсетілген ашықтық үшін алғыс білдірілді. Мұндай іс-шаралар еліміздегі құқық қорғау саласын жетілдіруге және ҚАЖ жүйесінде ашықтық пен сенім қалыптастыруға елеулі үлес қосатыны анық.