“Адам саудасын бірге тоқтатайық!”: Қызылордада тұрғындарға жадынамалар таратылды
Қызылордада тұрғындарға жадынамалар таратылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
30 маусым – Бүкіләлемдік адам саудасына қарсы күрес күні Қызылорда облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері үкіметтік ұйымдармен бірлесіп, 29-30 шілде күндері “Адам саудасын бірге тоқтатайық!” республикалық ақпараттық науқанын өткізді. Адам көп жүретін орындарда жадынамалар таратып, алаяқтардан қорғану бойынша кеңестерін айтты.
— Өз құжаттарыңызды ешкімге бермеген жөн; жұмыс, оқу немесе шетелдегі неке туралы күмәнді ұсыныстардан аулақ болу қажет. Мұны әр адам, әсіресе, жастар естерінен шығармауы тиіс, — дейді Қызылорда облысы ПД ҰҚҚКБ бастығының орынбасары Шопанов Әділхан.
Қабылдаушы тарапқа қатысты барлық ақпаратты, шекарадан шығу үшін қол қойғалы жатқан құжаттарды тексеріп алу керек. Сондай-ақ барғалы отырған мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің дипломатиялық өкілдігінің байланыс мәліметтерін нақтылап алған жөн. Адам саудасына қатысты барлық фактілер туралы “102” нөміріне немесе “116-16” республикалық сенім телефонына хабарлаңыздар.