Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Адам саудасына қарсы күресте біргеміз”: Астанада ақпараттық акция өтті

Астанада ақпараттық акция өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында БҰҰ шешімімен жыл сайын 30 шілдеде атап өтілетін Адам саудасына қарсы бүкіләлемдік күнге орай “Адам саудасына қарсы күресте біргеміз” атты республикалық ақпараттық акция өтті. Бұл күн – адам қадір-қасиеті мен бостандық құқығын қорғаудың маңыздылығын еске салатын күн.

Биылғы жылдың басты тақырыбы – “Ұйымдасқан қылмысқа – ЖОҚ, қанауға – ЖОҚ!”. Акцияның мақсаты – азаматтарды адам саудасының қаупі туралы ескертіп, өздерін және жақындарын қалай қорғауға болатынын түсіндіру.

Іс-шаралар халық ең көп шоғырланған жерлерде – Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай мен “Нұрлы Жол” теміржол вокзалында өтті. Волонтерлер мен полиция қызметкерлері жолаушылармен әңгімелесіп, ақпараттық парақшалар мен жадынамалар таратты, алаяқтар мен адам саудагерлерінің құрбанына айналмау жолдарын түсіндірді.

Сонымен қатар қауіп төнген жағдайда қайда жүгінуге болатыны жайында айтып, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім нөмірлері мен жедел желілерге ерекше назар аударды.

Мұндай акциялар адамдардың сақ болуына, өз құқықтарын білуіне және көмек сұраудан қорықпауына септігін тигізеді. Тек қана бірлесіп, ашық көзқараспен және бейжай қарамайтын жүрекпен біз адам саудасы сияқты ауыр қылмыстарға қарсы тұра аламыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру