Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Адасып қалған балалар ата-анасына табысталды

Түркістан облысының полицейлері адасып қалған балаларды үйлеріне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Берік Падходжаев Сарыағаш қаласы көшелерінің бірінде жылап жүрген баланы байқайды. Үш жас шамасындағы бала көшеде жалғыз анасын шақырып, жылап тұрды.  Тәртіп сақшысы кішкентай баланың жанына келіп,  оның ата-анасы қайда екенін сұрай бастады. Нақты жауап ала алмаған учаскелік инспектор 3 жасар баланы полиция бөліміне жеткізіп, кезекші бөлімге хабарлады.

Бір сағаттан кейін Сарыағаш АПБ-не баланың ата-анасы келіп, полиция қызметкері олардың адасқан ұлын өздеріне  тапсырды. Үш жасар баланың анасының айтуынша  олар жергілікті кафеге бірге келген, алайда ұлының жоғалып кеткенін байқамай қалған. Өздері іздеп, таба алмағаннан кейін шұғыл  полициядан көмек сұраған

Қатты қуанған ата-ана Сарыағаш АПБ-нің учаскелік инспекторы Берік Падходжаевқа баланы аман-сау тауып, қайтарғаны үшін үлкен алғысын білдіріп,  қызметте табыс тіледі.

Тағы да айта кетер жайт, бұдан бөлек  бір апта бұрын сарыағаштық полицейлер аудан орталығындағы көшелердің бірінен төрт жасар баланы тауып, үйіне қайтарған еді.

Сарыағаш АПБ-нің «102» пультіне көшеден адасып қалған баланың табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған мекен-жайға Сарыағаш АПБ-нің ювеналды полиция қызметкері Олжас Жаникулов шұғыл шықты.

Тәртіп сақшысы төрт жасар баладан үйінің қайда екенін сұрастырды, бірақ жауап ала алмады. Сол кезде полиция қызметкері баланы полиция бөліміне жеткізіп, оның ата-анасын іздеуге кірісті. Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер баланың әжесін анықтап, немересін аман-есен тапсырды. Белгілі болғандай, бала әжесінің үйіне  қонаққа келген. Аулада ойнап жүріп, көшеге шығып,  үйінен бірнеше жүз метрге алыстап,  адасып қалған. Жергілікті тұрғын немересін үйіне қайтаруға көмектескен Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мұқият болу қажеттігін ескертеді және балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балалар мен жақындарыңыз жоғалған жағдайда тез арада  «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру